
Кітап талқы
Айына бір көркем шығарма: роман, повесть, әңгіме. Оқырман үш топқа бөлініп талқылайды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы аясында
Мағжан бастаған клуб мәдениетін қайта жаңғыртамыз
Жасқа жөн сілтейтін, адасқанды жолға салатын, қисыққа тез болатын, «Алқа» — осы. Жөн іздеген жас болсаң, жол іздеген жолаушы болсаң, тез іздеген есті тентек болсаң, мынау «Алқа» — сенікі.
Мағжан Жұмабаев
1924–1925 жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқып жүрген кезінде ұлт зиялыларымен бірге азаттық қозғалысына белсене атсалысты. Соның бір көрінісі — ақынның өзі құрған «АЛҚА» әдеби-мәдени клубы.
Біздің мақсат — кешегі Мағжан бастаған әдебиет пен мәдениеттегі сара жолды жалғау, клуб мәдениетін қайта қалпына келтіру, ізденімпаз оқырмандардың басын бір ортаға жинау. ХХІ ғасырда қайта жаңғырған «Алқа» барлық оқырман үшін ашық.

Ақын, педагог, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері
Мен жастарға сенемін
1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды; шығармалары халқына 1988 жылы ғана қайта оралды.
Ақын туралы толығырақАй сайын әр форматтан кемінде бір кездесу өтеді — кітаптан бастап жыр кешіне дейін.

Айына бір көркем шығарма: роман, повесть, әңгіме. Оқырман үш топқа бөлініп талқылайды.

Айына бір көркем фильм. Көрген соң режиссёрдің тілін, кейіпкер таңдауын таразылаймыз.

Еркін пікірталас: бір тақырып, көп көзқарас. Дайын жауап емес, сұрақ маңызды.

Ғалымдар, жазушылар мен мәдениет қайраткерлерімен жүздесу және шеберлік сыныбы.

Дәстүрлі ән мен жырдың кеші: домбыра, қобыз және ауыз әдебиетінің тірі дауысы.
Маусым басталғалы 8 кездесу өтті.


Юрий Быков


Есбол Нұрахмет, роман · автормен кездесу
Құдай жоқ жерде жақсылық пен жамандықтың шекарасын кім белгілейді?
Есбол Нұрахметтің роман атауының өзі ойға қалдырады. Адамды жамандықтан не тежейді: жазадан қорқу ма, әлде ар-ұяты ма? Адамның болмысы оның ешкім көрмеген кездегі таңдауынан көрінетін шығар. Ал кейде біреудің тағдырын оқи отырып, өзімізді де таразылаймыз.
Кітап талқысында романның астары, кейіпкерлердің әрекеті мен автор көтерген мәселелер талқыланды. Кездесуге автордың өзі қатысты.


Хаяо Миядзаки, аниме (2001)
Миядзакидің кино әлемінде ештеңе жайдан-жай болмайды.
Жапон режиссері Хаяо Миядзакидің 2001 жылы жарық көрген «Елес ерткен» анимесі сырттай қарағанда он жасар Тихироның тылсым әлемге түсіп, ата-анасын құтқару үшін күресі туралы сияқты көрінеді.
Оның фильмдерінің ерекшелігі — балаларға арналған ертегі сияқты көрінгенімен, астарында өлім, жалғыздық, соғыс, табиғат, есейу, адамның болмысы, ашкөздік пен таңдау сияқты күрделі экзистенциялық тақырыптар жатады.


Шыңғыс Айтматов, повесть
Кейбір таңдаулардың ізі жүректе ұзақ сақталады.
Сезім мен жауапкершілік таразысы. Талқы барысында оқырмандар Ілияс пен Әселдің тағдыры арқылы махаббаттың өзінен бұрын сол сезімге деген жауапкершілік маңызды деген ойға тоқталды.
Ілиясты біржақты «жақсы» не «жаман» кейіпкерге бөлудің қажеті жоқ: ол — қайсар, қызуқанды, еңбекке мығым, сезімі шынайы адам. Бірақ бойындағы ашу, өрлік пен жалған намыс кей сәтте ақылынан басым түседі. Ең қиыны — ол өз қателігін түсінгенімен, сол сәтте оны жеңуге дәрмені жетпейді.
Талқыда түйінделген негізгі ой — адамның ересек болуы оның рухани тұрғыдан есейгенін білдірмейді. Ілияс отбасы құруға жас жағынан дайын болғанымен, оның жауапкершілігін көтеруге ішкі дайындығы жетпеді. Ал Әселдің Байтемірді таңдауы сезімнен бөлек сенім, тұрақтылық пен жауапкершіліктің де маңызды екенін көрсетеді.
Сондықтан «Қызыл орамалды шынарым» — махаббат жайлы ғана емес, өз таңдауыңа жауап беру, отбасының қадірін түсіну және сезім мен міндеттің арасындағы тепе-теңдікті сақтау туралы шығарма.


Ақын, қоғам қайраткері
Ақынның өмір жолы, азаматтық позициясы және әдебиеттегі орны.
Клуб мүшелері ақынның өмір жолынан түрлі деректер келтіріп, оның болмысымен тереңірек танысты.
Кездесу Олжас Сүлейменовті тек ақын ретінде емес, оның азаматтық позициясын, әдебиеттегі орнын, тұлға ретіндегі жасырын қырларын тануға мүмкіндік берді.


Хирокадзу Корээда, фильм
Сіз үшін отбасы деген не?
Талқы барысында фильмдегі отбасы ұғымына әр қырынан үңілдік. «Әке, әже, ана деген кім?» сынды қарапайым сұрақтардың өзегіне бойлап, шынайы отбасының қандай болатыны туралы сөз қозғадық. Еноки мен Сёта, Нобуйо мен Джури, Аки мен әжесі арасындағы қарым-қатынасты талдап, туыстықтан бөлек адамды адамға жақындататын не, мейірім мен махаббаттың орны қандай деген сауалдарға жауап іздедік.
Қарапайым, тіпті жұпыны тіршілікті арқау еткен фильм бір нәрсені анық сезіндірді: адам қандай жағдайда да адамдық қалпын жоғалтпауы керек. Кейде адамға көп нәрсе емес, бір ауыз жылы сөз, шынайы қамқорлық пен мейірімнің өзі жеткілікті.
Талқы соңында оқырманымыздың пікірі де осы оймен үндесті: «Тас қала, тасжүрек адамдардың ортасында жылу іздеп Алқаға жиналғанымыз да жай емес шығар. Махаббат, мейірім іздейсің. Бір апта жұмыстан кейін сенбіні күтеміз. Қауырт тірлік кейде адамды адам екеніне қарамай езгілеп жіберетінін түсіндім. Ал махаббаттың жылуы мен мейірім тым қымбат екен. Бағалайық».
Бәлкім, «Алқаның» сенбі сайын адамдарды кітапқа, фильмге, бір ойға жинайтынының мәні де осында шығар: күнделікті күйбең тірліктің арасында бір-бірімізден жылу табу, ой бөлісу, тыңдау және түсінуге тырысу.
Алқаның бар болғаны үшін, бірге ой бөлісіп жүрген әр оқырманға рақмет!


Немат Келімбетов, хикаят-диалог
Кейде бір адамның бойындағы қызғаныш тұтас бір кесапаттың бастауы болуы мүмкін.
Үш топқа бөлінген оқырман қауым «Күншілдік қайдан туады? Әлсіз адамның бәрі күншіл ме? Сенім қалай қалыптасады?» деген сұрақтар төңірегінде ой бөлісті.
Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Күншілдік — өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді түсінуден туған құбылыс». Алқалықтар күншілдікті ішкі сенімсіздіктен туындайтын әлсіздік деп бағалады. Мұндай дерттен арылудың жалғыз жолы — өз болмысыңды танып, өзіңді дамыту.
Талқыда қызғаныш пен күншілдіктің айырмасы сараланды, Сальери мен Моцарттың тағдыры сөз болды. Қызғаныш — өзіңдегі нәрсені қызғану болса, күншілдік — өзіңде жоқтың өзгеде болғанын көтере алмау. Ал оның ең ауыр тұсы — өзіңде жоқтың өзгеде де болмағанын қалау.
Ольшанскийдің «Күншіл мен Бақыт» ертегісі талқыны қыздыра түсті: бірдей жағдайда өмір сүрген екі адамның бірі өзгенің барын көріп мұңаяды, екіншісі қолындағысына шүкір етіп, өзгенің қуанышына ортақтаса алады. Демек, бақыттың өлшемі — адамның қанша дүниесі барында емес, сол өмірге қандай мағына бере алғанында.
Күншілдік — өзгенің жарығын өшіруге ұмтылу. Ал адам үшін ең үлкен жеңіс — өзгенің жарығынан қорықпай, өз жарығын табу.


V маусым тіл, мектеп және ұстаз тақырыбымен ашылды.
«Алқа» әдеби-мәдени клубының жаңа V маусымы 5 қыркүйекте басталды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен тіл мерекесі қарсаңында өткен маусымашардың негізгі тақырыбы — тіл, мектеп және ұстаз. Шараның концепциясы да осы негізде құрылды.
Кестеде өзгеріс болуы мүмкін — нақты күнді @alqa.club парақшасынан растаңыз.















Клубқа Астана қаласының мектеп, колледж, ЖОО оқушылары мен қала тұрғындары қатыса алады. Қатысу тегін әрі ерікті.
Клуб жетекшісі: Шыңғыс Санжар Дастанұлы · +7 747 666 23 98